Weight Loss Program
Please update your Flash Player to view content.
Please update your Flash Player to view content.

Қоғам және мемлекет қайраткері энциклопедист - ғалым, профессор Халел Досмұхамедұлының көптеген зерттеу еңбектерінің бірінде: «Бұл дүниеде түрлі данышпан, шешендер, шеберлер, батырлар, ақындар көп өткен. Осындай адамдар өзіміздің қазақ арасында да аз болмаған. Өз жұртына жұмыс қылып, еңбегі сіңірген адамдарды қадірлеу – елдіктің  белгісі», -деп көрсеткен екен. Әділетіне жүгінсек, тәуелсіз ел тұғырының биік болуы үшін жан аямай еңбек еткен Халел Досмұхамедов сынды біртуар азаматтардың рухын еске алып, есімін қастерлеу, әрі оны туғанына 130 жыл толып отырған шақта «Дара тұлға» деп ұлығылау бәрімізге ортақ парыз болуға тиісті.

Қазақстан Республикасының елдігі мен ертеңін ойлап, қам жеген, туған халқының көкірегіне сәуле құюды мақсат еткен қазақтың көптеген асыл азаматтары ХХ ғасырдың 30-жылдарында тағдыр тауқыметін тартып, жалаға, жауыздыққа ұшырап, қиянат құрбандығы болды. Тек кейінгі кезде ғана сол зұлымдықтардың беті ашылып, жазықсыз жазаланған аяулы азаматтарымыздың есімдері ортамызға қайта оралды. Солардың бірі –Атырау өлкесінің ардақты перзенті – профессор Халел Досмұхамедұлы. Ол жоғары білімді дәрігер ғана емес, сонымен бірге тарихшы, табиғат зерттеуші, әдебиетші, тіл танушы, аудармашы, ағартушы-ұстаз,  қоғам және мемлекет қайраткері болып табылады.

Бұл турасындағы салиқалы да, салмақты бағаны алғаш көрнекті сөз зергері Әбіш Кекілбаев берген болатын: «Өзіне табиғат аямай берген дарынды терең біліммен толықтырып, ана тілімізге қоса латын, араб, парсы, түрік, орыс, неміс және француз тілдерін қажетті дәрежеде меңгеріп, сол тілдерде еркін оқып, сөйлеп, жаза білген  Х.Досмұхамедұлы көзінің тірі кезінде алдына жан салмас ғажайып лингвист, фольклорист, тарихшы-этнограф, аудармашы болған. Жан-жақты, көл-көсір, әмбебап білімнің арқасында ол биология, зоология, медицина салаларында да көп еңбек қосқан ғалым».

ХХ ғасырдың басындағы бодандықтың бұғауындағы бейқам халықты өркениеттің өріне сүйреген көсемдердің көзге шалынар басты қасиеті – олардың қай-қайсысы болсын жан-жақты «сегіз-қырлы, бір-сырлы» тұлғалар болатын. Халел Досмұхамедовтың cаяси күрескер, жалынды патриот, әрі ғалым, әрі киелі өнер иесі  және өз мамандықтарының білгірі болуы – кейінгі толқын жастарға үлкен өнеге.

Халел Досмұхамедұлының саяси дүниетанымының бастауы Санкт-Петербургте оқыған студенттік жылдарынан басталады. Ол әскери-медициналық академияда оқыған кезінде бүкіл Ресейде болған, дүниені дүр сілкіндірген 1905-1907 жылдардағы революцияны көзімен көріп, бұқара халықтың ашу-ызасы, қанды қақтығыстар және жеңілістің ащы сабақтары рухани дүние танымы өсіп жетілген болашақ қайраткердің идеялық жағынан қалыптасуына игі ықпал етті. Қорғансыз елдің теңдігі үшін басты қауіп-қатерге тігіп, бес облыстан жиналған қазақтың зиялы азаматтары 1905 жылы Теке (Орал) қаласында Конституциялық-демократиялық саяси партия құрғанда араларында Санкт-Петербургтегі әскери медициналық академияның  студенті Халел Досмұхамедұлы да бар еді. Халелдің Ақпан және Ұлы Қазан төңкерістері тұсындағы қызметіне айғақ боларлықтай аз да болса дәйектемелер бар. Соның бірі, 1917 жылы Орынбор қаласында жалпы қазақ-қырғыз съезінің болғандығы, оған Халелдің қатысқандығы туралы «Қазақ» газеті сол жылдың 14 қараша күнгі санында айта келіп, мұнда Торғай облыстық комитетінің құрылғандығын, оған бар болғаны 14 адам (Орынбордан - 10; уездерден - 4) мүше екендігін хабарлайды. Дәл осы мезгілде Ақмола, Семей, Орал облыстық комитеттері де құрылды. Ал, желтоқсанның 5-і мен 13-і аралығында өткен Құрылтайға Халел де арнайы шақырылады. Дегенмен, ғылыми әдебиеттерде, тарихшылар еңбектерінде бұл дерек егжей-тегжейлі зерттелмеген. 1917 жылдың шілде айында Алаш қозғалысын жақтаушылардың съезі шақырылады. Оған барлық қазақ облысынан бар болғаны 20-дан астам делегат қатынасады. Осы съездің өткізілгендігіне және оған Халел Досмұхамедовтың төрағалық еткендігіне дәйектеме ретінде «Қазақ» газетінің 31-шілде күнгі санында жарияланған Қаулысын келтіруге болады. Жалпы қазақ съезінің қаулысы: «Жалпы қазақ съезі 21-шілдеде Орынборда ашылып, 26-шілдеде жабылды. Съезге Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Сырдария, Ферғана облыстарының һәм Бөкейліктің өкілдері қатысты. Съезд төрағасы – Халел Досмұхамедов, төраға серіктері – А.Байтұрсынов, хатшылар: Ә.Көтібаров, М.Дулатов, А.Сейітов».

Бұл съезде 14 мәселе қаралған, әрқайсысына байланысты бірнеше пункттен тұратын қаулылар қабылданды. Әйел мәселесі тұңғыш рет осы съезде көтерілді. Осыдан кейін, араға бес ай салып, желтоқсанда ұлттық мемлекет құруға байланысты ұлттық-территориялық Қазақ автономиясы, милиция, ұлт Кеңесі, ұлт қазынасы, халық соты туралы негізгі мәселелерді күн тәртібіне қойған жалпы қазақ съезі шақырылды. Міне, осы съезде қазақ-қырғыз автономиясын Алаш деп атау жөнінде қаулы қабылданған еді.

Халел Досмұхамедұлы осы кезеңде қандай қызмет атқарды десек, бұл туралы 1930 жылдың 10-наурызында өз қолымен орыс тілінде жазылған ғұмырнамадағы мына бір жолдардан жауап алуға болады. Патша өкіметі құлатылған соң, 1917 жылы сәуірде қазақтардың Орал облыстық атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. 1917 жылы желтоқсандағы жалпы қазақ съезінде Алашорда Халықтық-революциялық кеңесінің мүшелігіне өтті. Мұнда Кеңес үкіметі орнағанға дейін Земстволық мәдени-ағарту жұмыстарын атқарды. 1918 жылы наурыз айының соңында Халел Жанша Досмұхамедұлымен бірге Мәскеуде РСФСР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы В.И.Ленинмен, ұлт мәселесі жөніндегі Халық Комиссары И.В.Сталинмен Қазақ автономиялы республикасын құру туралы келіссөз жүргізеді. Өкінішке орай, бұл келіссөз нәтижесіз аяқталады. Бұдан кейін Халел Досмұхамедов Түркістан және Қазақ Кеңес автономиялы республикаларында әр түрлі қоғамдық-саяси қызметтер атқарды.

Халел қажырлы қоғам қайраткері болумен қатар, ағартушы, ғалым, дәрігер екендігін де есте ұстауға тиістіміз. Ұлы Қазан төңкерісіне дейін қазақтар арасында арнаулы білімі бар 20 ғана дәрігер даярланды. Халел 1913-1920 жылдары Темір уезінде учаскелік дәрігер қызметін атқара жүріп, оба ауруын жою ісіне қатысады. Ауруға сапалы медициналық көмек беретін ешкімнің болмағанына, сүзектен, суық тиюден, мерезден, обадан, тырысқақтан, қарасан, қызылша, безгек, туберкулез т.б. аурулардан халық жаппай қырылып жатқан кезде, осынау үркердей топтың қарлығаштың қанатымен су сепкендей болмашы іс-әрекетінің өзі біраз адамдардың өмірін арашалап қалды. Сол бір үркердей топтың ішінде қазақтың Ибн-Синасы (Европаша Авиценна), ғұлама ғалымы, сан қырлы дарын иесі, Халел Досмұхамедұлының болуы, әрине, үлкен тағылым алар мақтаныш!

Х.Досмұхамедов отбасымен

Қазақ халқы алдындағы перзенттік парызына өмірінің соңғы сәтіне дейін адал болған  Халел Досмұхамедовұлы – халқымыздың тарихы мен мәдени өмірінде өзіндік із қалдырған біртуар перзенттердің бірі. Күні кешеге дейін бүгінгі ұрпақ оны «Алашорданың» көрнекті қайраткерлерінің бірі ретінде ғана білген болса, оның ғылыми-ағартушылық, педагогикалық мұрасы жеткілікті зерттелмеді. Кезінде жеке адамға табыну мен заңсыздықтың құрбаны болған Халел Досмұхамедұлы өз өмірінің ішінде артына орасан зор сарқылмас мұра қалдырды. Бүгінгі жазылып отырған мақала арқылы , қайтпас та, қажымас қайраткер, дара да, дана тұлға, әмбебап энциклопедистің ғылыми мұрасын жан-жақты зерттеп, кеңінен насихаттап, сол мұраның асылдарын халқымыздың рухани мүддесіне жарайды деген сенімдеміз.

Халел Досмұхамедов ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақтың демократиялық бағыттағы зиялыларының көрнекті өкілдерінің бірі. Ол – белгілі мемлекет және  қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, ағартушы – педагог Қазақстанда және Түркістанда ғылым мен білім беру, денсаулық сақтау ісін талантты ұйымдастырушы болды.

ХХ-ғасырдың 30-шы жылдардың екінші жартысынан бастап, валюнтаристік шешімдердің, қоғамдық және партия өмірі саласында өрескел жіберілген қателіктердің, әкімшілік-әміршілдік басқару әдісінің күшеюі, қазақ халқына қарсы бағытталған ауыр қылмыс түрінде байқалған және жеке адамға табынудың шектен шыққан өрескел көрінісінің кезеңі басталғанын тарихи құжаттар дәлелдейді.

Белгілі ғалым, академик–жазушы Зейнолла Қабдоловтың сөзімен айтқанда, шын мәнінде халқымыздың ояну дәуірі туғызған алыптардың қатарында жарық жұлдыздар шоғыры секілді Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқаев есімдерімен қатар Халел Досмұхамедов есімінің аталуы бұл өмірге сирек келетін дарын иесі, әмбебап ғалым Халел бабамызға берілген әділ баға болып табылады.

Халел Досмұхамедұлы Атырау облысы Қызылқоға өңірі, әсіресе Исатай мен Махамбеттей сынды қол бастаған батырларды пана еткен, Мұрат сынды ел мұңын жырлаған жыраулар шыққан, қазақ әдебиеті мен өнерінің талай-талай өкілдері өскен Тайсойған жерінде он тоғызыншы ғасырдың аяғында дүниеге келіп, сол заманның, сол қоғамның ең таңдаулы өкілдері ғана оқитын жоғары оқу орны  Санкт-Петербургтегі Императорлық әскери–медициналық академияны алтын медальмен бітіру-бұл таңғажайып қабілеттің, табиғат сыйлаған ерекше дарынның белгісі емес пе?

Студенттік жылдары Санкт-Петербургте жас Халел Досмұхамедовтың ағартушылық дүниетанымының қалыптасуына ерекше әсер еткен  әлемге аты белгілі ғұлама ғалымдар академияның алғашқы ұстаздары: ғұлама физиолог-психолог, ғалым, Нобель сыйлығының лауреаты, академик Иван Петрович Павлов, көрнекті шығыстанушы, академик Василий Васильевич Радлов, қазақ лингвистикалық мектебінің негізін салушы, Ресей ғылым академиясының мүше – корреспонденті, профессор Бодуэн де Куртунэ.

Халел Досмұхамедовтың табиғи дарынының ғұлама ғалым ретінде бай мүмкіншіліктерінің жан-жақты дамыған кезеңі – кеңестік кезеңде болатынды. Оның энциклопедист ғалым ретінде қоғамдық-педагогикалық, ғылыми жұмысының ең жемісті кезеңі 1920-жылдан бастап, 1930 жылдарға дейінгі Ташкенттік кезеңі. Бұл кезең Х.Досмұхамедовтың әртүрлі қоғамдық, мемлекеттік, ғылыми-педагогикалық, оқу ағартушылық, ұйымдастырушылық, ұстаздық сан-қилы, әртүрлі деңгейдегі жауапты жұмыстарды атқарумен тығыз байланысты.

Бұл кезеңде Х.Досмұхамедовтың сіңірген еңбегі мен жан-жақты ғылыми және рухани мұрасын дұрыс бағалау үшін сол кездегі республикамыздың қоғамдық-саяси, ағарту майданында өзімен бірге ат салысқан, әділдіктің туын биікке көтерген белгілі қоғам қайраткерлері мен ұлтымыздың зиялылары, өз тұстастары мен ғылыми ортамен тығыз байланыста, бірлікте қарастырған жөн.

Сол кездегі белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, қазақ зиялыларының көрнекті өкілдері, ғалымдар, қазақ өнері мен мәдениетінің танымал майталмандары Халелмен бірге Ташкенде Санжар Асфендияров, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Нәзір Төреқұлов, Мұқтар Әуезов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Темірбек Жүргенов, Әлімхан Ермеков, Мұқамеджан Тынышбаев, Әбубәкір Диваев және т.б. Түркістан Республикасының басшы орындарында ғылыми мекемелер, халық ағарту орындары мен жоғары оқу орындарында жұмыс істеді.

Бұл кезеңде оның бүкіл ғылыми-педагогикалық, шығармашылық еңбектерінің дүниеге келуі осы кезеңде іске асты. 1920 жылы «Алаш» партиясы таратылып, оның Батыс бөлімінің жетекшілерінің бірі Халел Досмұхамедұлына Кеңес үкіметі тарапынан кешірім жасалды. Осы жылы ол Ташкент қаласына келіп, Түркістан Республикасының Денсаулық сақтау және Халық ағарту комиссариаттарында жауапты жұмыстармен қатар, жоғары оқу орындарында ұстаздық және ғылыми-педагогикалық, шығармашылық жұмыстармен айналысты. Х.Досмұхамедов Ташкентте өткізген 10 жылының ішінде шын мәнінде Қазақстан мен Орта Азияда денсаулық сақтау жүйесінің алғашқы ұйымдастырушысы болды. Ол өзінің ғылыми-педагогикалық қызметімен өлкеде маман кадрларды даярлауға, халықтың денсаулығын сақтауды ұйымдастыруға, халық ағарту ісі мен жоғары білімді дамытуда ерекше үлес қосты. Әсіресе, ол Ташкент қаласында ұлт зиялыларын өз төңірегіне топтастыра отырып, ұлт мектептері мен жоғары оқу орындарына арналған алғашқы қазақ тілінде оқулықтар мен оқу құралдарын жазуда сіңірген еңбегін ерекше атауға тиіспіз.

ХХ-ғасырдың бас кезінде Х.Досмұхамедов Халық ағарту Комиссариатының Білім комиссиясын басқарып тұрған кезінде бір топ қазақ зиялыларына қазақ тілінде жоғары оқу орындары мен ұлт мектептеріне арналған әртүрлі ғылым саласында оқулықтар мен оқу құралдарын жазуға тапсырма беріп, ұсыныс жасады. Алғаш рет қазақ топырағында Мағжан Жұмабаев қазақ тілінде «Педагогика» оқулығын, Жүсіпбек Аймауытов «Психология» оқулығын жазды. Бұл оқулықтардың бүгінгі күнге дейін өз мәні жойылған жоқ. Ол оқулықтар бүгінде баспадан қайта басылып, қазақ студенттерінің қолдан-қолға түспейтін оқу құралдарына айналды.

Бүгінде қазақ тілінде оқулықтар мен оқу құралдарын жасақтау, оның сапасын арттыру мәселесіне Ел Президентінің Қазақстан халқына жолдауында ерекше мән берілген болатынды. Әсіресе, қазіргі мемлекеттік тілде жазылған оқулықтардың сапасын жаңартуға ерекше назар аударды.

Қазір ұлт мектептері мәселелері күн тәртібіне қойылып отырған жағдайда ХХ ғасырдың 20-жылдарының өзінде ең алдымен халыққа қажет кезек күттірмейтін зәру мәселелерді оның ішінде тұңғыш қазақ тілінде оқулықтар жазуды қолға алуы, оның көрегендігін аңғартады. Ана тілінің, мемлекеттік тілдің жәйі, ұлт мектептерінің, ұлттық терминология мәселелері бүгінгі таңда да өзекті, маңызды, күн тәртібінен түспей отырған мәселелер болып табылады.

Оның Қазақстанда жоғары мектептің қалыптасуына, ұлт кадрларын даярлауда, баспа ісінің қалыптасуына, жаңа ашылған қазақ мектептері үшін оқулықтар мен оқу бағдарламаларын жасауда өзіндік қолтаңбасы бар ғұлама ғалым.

Халел Досмұхамедов – жаратылыстану цикліндегі пәндер бойынша алғашқы қазақ мектептеріне арналған оқулықтардың авторы. Оның қаламынан, әсіресе, І және ІІ сатыдағы қазақ мектептеріне арналған «Өлі табиғат» оқулығы (1920), «Жануартану» (3 бөлімнен тұрады), «Табиғаттану» (1922), «Оқушылар гигиенасы» (1925), «Адамның тән тіршілігі», «Денсаулығыңды сақта» және т.б. оқулықтары кезінде жаңадан ашылып жатқан қазақ мектептеріне өте қажетті оқулықтар болған болса, бүгінде өз мәнін жойған жоқ.

Х.Досмұхамедұлының ғылыми мұрасының ең негізгі бағыттарының бірі – тіл білімі мен әдебиет, тарих және этнография мәселелері. Оның «Қазақ әдебиеті», «Аламан», «Мұрат ақынның сөздері», «Шернияз шешен», «Исатай-Махамбет», «Жалаңтөс батыр шежіресі», «Диуани лұғат ат түрік», «Қазақ тіліндегі сингармонизм заңы» атты ғылыми еңбектерін жазуы, оның жан-жақты терең, энциклопедиялық білімін аңғартады.

Архив деректеріне сүйене отырып Х.Досмұхамедовтың ғылыми-зерттеу еңбектерін 5 арнаға бөліп қарастыруға болады:

1-баспа бетінде жарық көрген ғылыми-әдеби, әдістемелік еңбектері мен мақалалары;

2- жариялауға даярланған қолжазбалары;

3- жалпы редакциясын басқарған еңбектерінің тізімі;

4- аударма еңбектері (Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты, 81-қор, 1-тізбе, 1051-іс, 342-табақ).

Х.Досмұхамедовтың сан-сапалы ғылыми мұрасының ішінде халық ағарту ісінің көрнекті қайраткері, ғалым-педагог ретінде Қазақстанда Жоғары педагогикалық мектептің қалыптасуы мен дамуы тарихында алатын орны ерекше.

Қазақстанның өзінің жоғары оқу орындарының болмауы, арнаулы білім беретін мектептердің аздығы педагогикалық кадрларды шешуде айтарлықтай қиындықтар туғызды. Республика жағдайында сол жылдары педагогикалық жоғары оқу орындарын ұйымдастыруда ешқандай да мәдени және материалдық жағдай болмады. Шамасы келгендер ғана жоғары оқу орындарына бара алатын.

ХХ-ғасырдың 20-шы жылдарының бас кезінде негізінен маман кадрлар республикадан тыс жерлерде Санкт-Петербургте, Москвада, Қазанда, Омбыда, Уфада, Ташкенде, Астраханда және т.б. қалаларда даярланды.

Міне осындай қиын кезде Қазақстанда жоғары оқу орнын ашу ауадай қажет болды. Бұл мәселе республика құрылған күнінен бастап, әртүрлі ұйымдар мен мекемелерде талқылана бастады. Әсіресе, педагогикалық білім беру саласында оқу орнын ұйымдастыру қажеттілігі ерекше сезілді. Сондықтан да республика үкіметі алдына жоғары педагогикалық оқу орнын ашу туралы мәселе алғаш қойылғаннан бастап, Х.Досмұхамедов осы мәселенің басы-қасында болып, оны ұйымдастыруда орасан зор еңбек сіңірді. Жоғары оқу орны республика астанасында ашылуы қажет еді. Алайда, оқу үйінің болмауы, маман ғылыми қызметкерлердің жетіспегендігінен, Қазақстанға жақын орналасқан сол кездегі ірі мәдени арталық Ташкент қаласында уақытша ашуға тура келді. Ташкентте ол кезде бірнеше жоғары оқу орындары болды, оның ішінде 1920 жылы Орта Азия мен Қазақстанда бірінші болып, Түркістан университеті ашылған. Кейіннен Орта Азия университетіне айналды.

1920 жылы 2 желтоқсанда Ташкентте қазақ тілінде оқитын Қазақтың халық ағарту институтын ашу туралы Түркістан Республикасы Халық Комиссарлар Кеңесінің қаулысы жарияланды (қараңыз: Түркістан Орталық атқару Комитетінің хабаршысы, 1920, 2 желтоқсан). Осы ірі мәдени орталықта Қазақтың халық ағарту институты тез қарқынмен нығайып, өз қызметін жан-жақты дамытты. Оның оқу-тәрбие және ғылыми жұмысына Х.Досмұхамедұлы да белсене араласты.

1925 жылдың 15 тамызынан бастап, Ташкент қаласында «Қазақтың жоғары педагогикалық институты «Казпедвуз» деген атпен ашылып, жұмыс жасауға кіріскен болатын-ды.

Бұл педагогикалық институттың оқу жоспарын жасау үшін аранйы комиссия құрылып, оның құрамына Ташкент қаласындағы белгілі әдіскерлер мен профессор ғалымдар шақырылды. Шақырылғандардың ішінде доктор Х.Досмұхамедов, профессор Н.А.Димо, професссор Шмидт, профессор В.И.Романовский   , профессор Н.Н.Фиолетов, доцент Д.М.Барботкин, профессор Н.Л.Лаппо-Данилевский және басқалар болды. (Қараңыз: ҚР Орталық мемлекеттік мұрағаты, 81-қор, 1-тізім, 1210-іс, 26-табақ).

Халел жетекшілігімен жұмыс істеген комиссия Ташкенттегі Қазақтың Жоғары педагогикалық институтының оқу жоспарының жобасын жасағанда РСФСР педагогикалық институттарының жобасынан өзгеше жасалынды. Мұндағы басты қағида – пәндер бағдарламаларында жергілікті ұлттық ерекшеліктерді ескеру. Ташкенттегі Қазақтың жоғары педагогикалық институтының жұмысына Орта Азия университетінің ең таңдаулы ғалымдарымен қатар Москва және Ленинград қалаларынан белгілі академия ғалымдар В.В.Бартольд, С.Е.Малов түрік-мангол халықтарынан тарихынан және т.б. ғалымдар шақырылды. Сонымен қатар институтта оқу-тәрбие жұмысы мен дәріс беруге жергілікті қазақ зиялыларының арасынан шыққан Темірбек Жүргенов, Әлімхан Ермековтермен қатар профессор Х.Досмұхамедовта болды.

Ташкент қаласында ұйымдасқан Қазақтың жоғары педагогикалық институтының тұңғыш ректоры болып, Орта Азия университетінің түлегі, халық ағарту ісінің көрнекті қайраткері Темірбек Жүргенов тағайындалды, оның проректоры болып Х.Досмұхамедұлы жұмыс істеді. Ол институтта педология пәнінен дәріс берді.

1928 жылы Ташкент қаласындағы Қазақтың жоғары педагогикалық институтының негізінде ұйымдасқан Қазақтың тұңғыш жоғары оқу орны – қазіргі Абай атындағы Қазақтың ұлттық мемлекеттік университетінің негізін қалаушылардың бірі, бірінші проректоры Халел Досмұхамедов болды. Ол 1924 жылы Ресей академиясы Орталық өлкетану бюросының корреспондент мүше болып сайланды. 1929 жылы университеттің педология кафедрасының профессоры ғылыми атағына ие болды.

Қазір біз өз тарихымызды жалтақсыз зерттеп, тіліміздің, өнеріміздің, рухани мұраларымыздың терең тамырын тануға кірістік. Халқымыздың ғылымын дамытуға, тілін сақтауға, тарихын зерттеуге, өнері мен әдебиетін өркендетуге, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын ұйымдастыруға өлшеусіз үлес қосқан, аласапыран жылдарда қазақ елінің болашағын ойлап, өз өмірін құрбан еткен алыптарымыздың қатарында ғұлама ғалым, қоғам және мемлекет қайраткері, ағартушы, педагог, дәрігер, профессор Халел Досмұхамедовтың туғанына  2013 жылы сәуір айының 24 жұлдызында 130 жыл толады. Осыған орай Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде республикалық ғылыми-теориялық конференция өткізу жоспарлануда.

1994 жылы 23 мамырдағы Министрлер Кабинетінің шешімімен Атырау мемлекеттік университетіне Мемлекет және қоғам қайраткері ғұлама ғалым Халел Досмұхамедұлының есімінің берілуі Атырау облысы жұртшылығының мәдени өмірінде ерекше оқиға болып табылады. Сол жылдары Халел бабамыздың есімінің ортамызға қайта оралуы, оның жан-жақты сарқылмас ғылыми мұрасын зерделеуге және Халелтану тағылымын терең зерттеуге мүмкіншілік жасады.

Ғұлама ғалымның ғылыми мұрасы соңғы жылдары әр қырынан жан-жақты зерттеліне бастады. Ғалым мұрасын зерделеу 1993 жылы Алматыда Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясында, сол жылы Атырау мемлекеттік университетінде Халел Досмұхамедовтың туғанына 110 жыл толуына арналып өткізілген ғылыми-теориялық конференциялардан бастау алады.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде өткен бірнеше ғылыми-теориялық конференцияның материалдары негізінде «Ғұлама ғалым, ағартушы педагог» атты ғылыми жинақ жарық көрді.

Міне, осы кезеңнен бастап, республикалық және жергілікті басылымдарда ұлы бабамыздың әртүрлі ғылым саласын дамытуға сіңірген еңбегі мен ғылыми мұрасын жан-жақты зерделеуге арналған еңбектер мен мақалалар жарық көрді, ұлы ғұламаның ғылыми мұраларынан республика көлемінде алғашқы кандидаттық диссертациялар қорғалды.

Ғұлама ғалымның мұрасының зерттелуі туралы айтқанда 1996 жылы «Санат» баспасынан алматылық ғалымдар Қ.Нұрпейісов, М.Құлкенов, Б.Қабижанов, А.Мектеповтердің авторлығымен «Халел Досмұхамедұлы және оның өмірі мен шығармашылығы» атты тұңғыш жарық көрген ғұмырнамалық еңбек болып табылады. 1998 жылы белгілі ғалым Р.Сыздықованың ғылыми жетекшілігімен «Халел Досмұхамедовтың таңдамалы шығармалары» атты ғылыми жинақ дүниеге келді (Алматы, «Ана тілі» баспасы, 1998).

Жинаққа ХХ-ғасырдың басындағы қазақ демократияшыл зиялылары шоғырының жарық жұлдыздарының бірі – профессор Х.Досмұхамедовтың ғылыми еңбектері топтастырылған болатынды. Таңдамалы шығармалар жинағы Қазақстанның Халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлының кіріспе сөзімен ашылған.

Халел Досмұхамедұлының жан-жақты ғылым салаларын қамтитын ғылыми мұрасын зерттеуде белгілі ғалымдар З.Қабдолов, М.Қазыбаев, Р.Сыздиқова, К.Нұрпейісов, М.Құлкенов, А.Мектепов, Ғ.Анес, Б.Хабижанов, Д.Абдрахимова, Ө.Озғанбай және т.б. авторлармен қатар жергілікті атыраулық зерттеушілеріміз Қ.Сейталиев, Қ.Шаукенов, Т.Жаңабаев,  А.Шамғонов, Ө.Әлімгереев, А.Сабыровтарда бұл бағытта біршама шығармашылықпен жұмыстанды.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде Халелді тануда және оның ғылыми мұрасын жан-жақты зерттеуде және насихаттауда біршама жұмыстар атқарылды.

1994 жылдан бастап, университет көлемінде жалпы және халықтық педагогика кафедрасының ұйымдастыруымен оқуларын өткізу дәстүрге айналды.

2000 жылдан бастап, Досмұхамедов оқулары 4 жылда бір рет дәстүрлі түрде республикалық деңгейде өткізіліп келеді.

Бес рет өткізілген  республикалық Досмұхамедұлы оқуларына Алматы, Орал, Ақтөбе, Шымкент, Ақтау және т.б. қалалардың жоғары оқу орындарының ғалымдары қатысты. Досмұхамедов оқуларының негізінде «Алты алаштың мақтанышы» атты ғылыми жинақ жарық көрді.

Ғұлама ғалымның ғылыми мұралары Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің жекеленген кафедралары оқытушы-профессорлар құрамының ғылыми-зерттеу жұмыстарының жоспарларына енгізілді.

2003 жылдан бастап, университеттің Ғылыми Кеңесінің шешімімен «Халелтану» курсын университеттің барлық мамандықтарының оқу жоспарына міндетті түрде енгізілді. Осы жылы п.ғ.д., профессор Қ.Б.Сейталиевтің және п.ғ.к., доцент Ғ.Базарғалиевтің құрастыруымен «Халелтану» курсының бағдарламасы мен «Халелтану» оқулығы баспадан 15 б.т. көлемінде жарық көрді.

Бірінші республикалық Досмұхамедов оқуларының  ұсыныстары негізінде университетте жалпы және халықтық педагогика кафедрасының жанынан «Халелтану» ғылыми-педагогикалық зертханасы ашылды. Зертхана қазіргі кезде Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік университет жанындағы ғылыми-педагогикалық зерттеулер орталығына айналды. Болашақта университетте 5 жылда бір рет өткізілетін Республикалық Досмұхамедұлы оқуларына халықаралық мәртебе беру жоспарланып отыр.

Х.Досмұхамедов мұрасы жөнінде 8 кітап, 5 республикалық-тәжірибелік конференция материалдары жинағы, 200 тарта әртүрлі республикалық, облыстық басылымдарда жарық көрген. Халелтанушылардың ғылыми мақалаларымен қатар, Өзбекстан Республикалық Орталық мемлекеттік мұрағатынан 250-ге тарта алынған құжаттар жинағы мен Қазақстан Республикасы мемлекеттік мұрағатынан алынған 164 мұрағат құжаттары, 1922-26 жылдары шыққан Ұлттық ғылым академиясының сирек кездесетін  кітаптар қорынан көшірмелер  осы «Халелтану» орталығы арқылы зерттеуші қауымға, ізденуші студенттерге- магистранттарға ұсынылып отыр.

Дей тұрғанмен, Халелтану ғылымын қалыптастыруда ұлы ғұламаның жан-жақты ғылыми мұрасын толықтай танып болдық, зерттелді деп айта алмаймыз. Не бәрі 56 жас өмір сүрген мемлекет және қоғам  қайраткері, ағартушы-педагог, білікті дәрігер, профессор Халел Досмұхамедұлы бүгін, ертең, одан арғы күндері де халқының мақтанышы болып, ту етіп ұстар ұлағатты ұланына айналатыны ақиқат. Халелді, Халел Досмұхамедұлы етіп көрсетер жалынды патриот, көрнекті қайраткер етіп есімін аспанға әуелетер ісі артында қалды. Ол–туған халқының бақыты үшін, оның өсіп-өркендеуі үшін бар күш-жігерін аямаған дарқан дарындарымыздың бірі. Аяулы азаматтың қай қырынан келіп зерделесек те, оның ерекше қырлары мұндалап көзге ұрып тұрары даусыз.

Қорыта айтарымыз, қазақ халқы алдындағы азаматтық парызына өмірінің соңғы сәтіне дейін адал болған Халел Досмұхамедұлының рухын қастерлеуді, мұраларын насихаттауды, көпшілік көкейінде зерделеуді ұмытпағанымыз керек. Сондықтан, халқының жан саулығы мен тән саулығының шипагері, қажымас қайраткері, әмбебап энциклопедист Халел Досмұхамедұлының қоғамдық-саяси қызметтері, мәдени-ағартушылық, тәлім-тәрбиелік көзқарасы, ұстанған идеялық бағыт-бағдарлары бүгінгі өскелең ұрпақтың жадында сақталып қана қоймай, келешектегі игілікті істеріне де өнегелі үрдіс болуы қажет.

 
Хабарландыру
Авторизация



Фотогалерея
Қазір сайтта
Қазір 16 қонақтар онлайн